"Қайрат" - "Реал Мадрид" матчына билеттер қашан сатылымға шығатыны белгілі болды

Бір ЖСН бойынша бір адамға екі билеттен артық сатып алуға болмайды
Sputnik
АСТАНА, 15 қыркүйек — Sputnik. "Қайрат" футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы матчтарға билет сату тәртібі мен мерзімдерін жариялады.
"Қайрат" – "Реал Мадрид" матчының билеті 23 қыркүйек күні Алматы уақытымен 17:00-де клубтың ресми сайты мен Ticketon платформасында сатылымға шығады. Бір ЖСН бойынша бір адамға екі билеттен артық сатып алуға болмайды. Деректер сатып алу кезінде де, стадионға кіргенде де мұқият тексеріледі".
"УЕФА-мен келісілген және барлық ойынға бірыңғай болып белгіленген билеттің бағасы 30 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін болады. Баға саясаты турнир талаптарына және Чемпиондар лигасы матчтарын ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді", - деп жазылған хабарламада.
Билеттердің бір бөлігі дәстүрлі түрде бекітілген әлеуметтік және клуб квоталары аясында бөлінеді. Олар "Қайрат" Академиясының және клуб филиалдарының бапкерлері мен тәрбиеленушілеріне, паралимпиадалық спорт түрлерінің спортшыларына, сондай-ақ клубтың қызметкерлері мен ардагерлеріне беріледі. Белгілі бір квота клуб демеушілеріне қолданыстағы серіктестік міндеттемелер аясында қарастырылған.
Желіде билеттің алдын ала сатылымы туралы жалған ақпарат таралып жатқанын ескертеміз. Билетті тек ресми арналардан, яғни клубтың ресми сайты, Qairat SuperApp мобильді қосымшасы және Ticketon сервисі арқылы сатып алуыңызды сұраймыз.
"Қайрат" ойындары ел экономикасына шамамен 3 млрд теңге қаржы әкеледі - "Kazakh Tourism"