АСТАНА, 15 қыркүйек – Sputnik. Павлодар қаласында мектеп оқушылары өздері жасаған сұйықтыққа күйіп қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға бүгін түскі уақытта №37 орта мектептің футбол алаңында болған. Жасөспірімдер канализациялық құбырды тазартуға арналған "Крот" құралын, "Мохито"сусынын және фольганы қолданған. Осы сұйықтықтан өздері күйіп қалған.
"15 қыркүйекте дене шынықтыру сабағында №37 мектептің футбол алаңында 6-сынып оқушылары тұрмыстық еріткіш пен құбыр тазартуға арналған сұйықтықты пластик бөтелкеге құйған. Реакция салдарынан сұйықтық мектеп оқушыларының денесіне тиген. Жеті баланы күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", - дейді Павлодар полициясы.
Полицейлер қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысты дәрігерлер де түсініктеме берді.
"Жеті бала зардап шекті. Олардың қолы, беті мен көзі күйіп қалған. Ауыр жағдайда түскендер жоқ", - дейді дәрігерлер.
Қауіпті сұйықтық жасаған оқушылардың барлығы 6-сыныпта оқиды. Жетеуі де облыстық ауруханаға жеткізілді.