АСТАНА, 15 қыркүйек – Sputnik. Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионаты аяқталған соң Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов пен Өзбекстан командасының жаттықтырушысы Толқын Қылышев бір-біріне ізгі лебізін білдірді, деп хабарлады 1bol.kz.
Желіде тараған бейнероликте қос бапкер жоғары нәтиже үшін бір-бірін құттықтап, сәттілік тіледі.
"Құрметті жанкүйерлер, бізді жеңіспен құттықтаңыздар. Өзбекстан мен Қазақстан – бауырлас елдер, біз әрқашан бірге боламыз. Үлкен басшыларымыз әзілдеп: "Неге Англияға келдіңдер? Үйлеріңде-ақ спарринг жасап, қалған жүлделерді таратып алуларыңа болатын еді" деді. Екі елдің спортшылары әрдайым жоғары деңгейде болсын", - деді Қайрат Сатжанов.
"Қазақстан мен Өзбекстан рингте ғана бәсекелеспіз. Бірақ рингтен тыс жерде әрқашан бір-бірімізді сыйлап жүреміз, біз бауырмыз. Алла қаласа, Олимпиадада тамаша нәтиже көрсетеміз. Баршаңызға денсаулық тілеймін", - деді Толқын Қылышев.
Чемпионат нәтижесі
World Boxing аясындағы тұңғыш әлем чемпионаты Қазақстан үшін тарихи жетістікпен аяқталды. Қазақ боксшылары 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ал Өзбекстан құрамасы 6 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен екінші сатыға жайғасты.
Қазақстан мен Өзбекстан – әлемдік әуесқой бокстағы басты бәсекелестер. Әсіресе, Париж-2024 Олимпиадасынан кейін (Қазақстан – 1 күміс, Өзбекстан – 5 алтын) қазақ жанкүйерлері әрбір жарыстағы нәтижені өзбек құрамасының табысымен салыстырып келеді.