Қостанайда әлеуметтік желідегі әрекетті қайталаған жасөспірім тергеуге алынды

Кәмелетке толмаған баланың ата-анасы заңды өкілдері ретінде жауапкершілікке тартылады
Sputnik
АСТАНА, 12 қыркүйек – Sputnik. Қостанайда LED-экрандағы видеоны рұқсатсыз өзгерткен жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанайда 14 жастағы мектеп оқушысы бір мекемеге тиесілі көше LED-экранын рұқсатсыз бұзып, онда әртүрлі әзілдер көрсеткен.
Ол әлеуметтік желілерден көрген "лайфхакты" қайталап, жүйеге қол жеткізген.
Алғашында бұл қылыққа өтіп бара жатқан жұрт күліп қарағанымен, нысан иелері мұндай әрекетті әзіл ретінде қабылдаған жоқ. Ұйым полицияға арыз түсіріп, киберқылмысқа қарсы бөлім мамандары жасөспірімді жедел анықтады.
"Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал кәмелетке толмаған баланың ата-анасы заңды өкілдері ретінде жауапкершілікке тартылады",- деп хабарлады полициядағылар.
Интернетте жасалған зиянсыз әрекеттің өзі қылмыстық іске ұласуы мүмкін. Технология — ойыншық емес, ал цифрлық әзілдер үшін де шынайы жауап беруге тура келеді, деп ескертті полицейдер.