АСТАНА, 12 қыркүйек – Sputnik. Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысында "Айбалта-2025" екіжақты жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтетінін хабарлады.
ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің жауынгерлік даярлық бағдарламасы шеңберіндегі оқу-жаттығуларға "Батыс" және "Шығыс" өңірлік қолбасшылықтарының әскерлері қатысады.
Ведомство хабарлауынша, дайындық барысында осы жылдың 12 қыркүйегінен бастап бірқатар облыстардың аумағынан күш-құралдардың қозғалысы қарастырылған.
"Бөлімшелер (жеке құрам және әскери техника) аралас тәсілмен – темір жол және автокөлікпен жүріп өтеді, содан кейін тұрақты орналасқан пункттеріне қайтады. Аталған кезеңде жекелеген аудандарда уақытша шектеулер болуы мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
Министрлік азаматтардан сабыр сақтауды және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді ескертті.