АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Маңғыстаудағы мұнай-газ саласында бюджет қаражатын жымқырғандар сотталды, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Өткен жылы Маңғыстау облысының прокуратурасы мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарда тексерулер жүргізілді.
"Нәтижесінде "Oil Services Company" ЖШС-нің қызметінде жабдықтарды қабылдау кезінде заң бұзушылықтар анықталып, қадағалау органы материалдарының негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексерулер болды", - деді ведомстводағылар.
Тергеп-тексеру кезінде кәсіпорын мен мердігер ұйымның басшылық құрамындағы үш адам ұсталды. Сот үкімімен аталған адамдардың барлығы кінәлі деп танылып, әртүрлі жаза түрлеріне тартылды.
"Атап айтқанда, бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін кәсіпорын бас директорының орынбасары 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ кәсіпорынның бөлім басшысы мен мердігер компанияның директоры 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды", - дейді прокуратурадағылар.