АСТАНА, 10 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаттары Қатарға барған қазақстандықтарды жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, келісім қосымшасында қазақстандық азаматтарды Қатарда жұмысқа қабылдауға арналған үлгілік еңбек шарты бекітілген.
“Бұл еңбек шартының ережелеріне қандай да бір өзгерістер енгізуге Қатардағы жұмыс берушінің құқығы жоқ”, - деді Жақыпова мәжілістің бүгінгі отырысында.
Үлгілік еңбек шартында жұмыс берушінің міндеттері де көрсетілген. Олар:
тұрғын үй беру немесе тұруға жәрдемақы төлеу;
жұмыс орнына дейін және кері қайту үшін тегін көлік ұсыну не көлік жәрдемақысын төлеу;
Қатар заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсету;
жыл сайынғы демалысты қоса алғанда, жұмысқа орналасу және еңбек шартының аяқталуы кезінде ұшуға ақы төлеу бойынша жұмыскерді қамтамасыз ету.
Ал жұмысшы өз еркімен кетем десе, сондай-ақ, теріс қылық жасаған жағдайда үлгілік еңбек шартын бұзуға рұқсат бар.
Қатарда үлгілік шартта көрсетілген талаптар орындалмаса, еңбек және халықты қорғау министрлігіне цифрлық платформа арқылы арыздануға болады. Себебі екі ел арасындағы халықаралық келісім жергілікті заңнамадан жоғары тұрады.
Мәжіліс депутаттары келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдап, сенаттың қарауына жіберді.