Тоқаев көшеде жаға жыртысатындарды сынға алды

Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс
Sputnik
АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев көшеде жаға жыртысатын қазақстандықтарды сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде мемлекет "Заң және тәртіп" қағидасына басымдық беріп жатыр. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным.
"Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс", - деді Тоқаев халыққа арнаған жолдауында.
Мемлекет басшысының айтуынша, озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек.
"Ұлы Абай "Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" деп бекер айтпаған. Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет", - деді президент.
Ал қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек.
Тоқаев жалқаулық пен масылдыққа жол беретін әлеуметтік осал топтарды атады