АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Бірнеше алаяқтық фактісі бойынша іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Түркиядан елге қайтарылды, деп хабарлады бас прокуратура.
Ол 2023 жылы Шымкент қаласында басқа адамдармен алдын ала сөз байласып, интернет-алаңда нарықтық бағадан төмен бағамен автокөлік сатылады деген жалған хабарландырулар орналастырған.
"Заңсыз әрекеттердің салдарынан 52 жәбірленушіге жалпы сомасы 70 млн теңгеден астам шығын келтірілген", - деп жазылған хабарламада.
Аталған қылмысқа қатысушыларға бұған дейін сот түрлі жаза мерзімін тағайындаған. Ал негізгі күдікті жасырынуына байланысты оған халықаралық іздеу жарияланып, ол осы жылдың тамыз айында Түркия аумағында ұсталды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Ол мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.