"Реал" Алматыға келеді: полиция футбол жанкүйерлеріне үндеу жолдады

Алаяқтарға алданып қалмау үшін матч билетін тек ресми кассалардан және лицензиясы бар таратушылардан сатып алу қажет
Sputnik
АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Полиция "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчына билет сатып алу кезінде сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласының полициясы ең кең таралған алаяқтық тізбегін түсіндіретін әлеуметтік бейнеролик дайындады.
Тәжірибе көрсеткендей, ірі спорттық және мәдени іс-шаралар кезінде интернет арқылы жалған билеттер ұсынатын алаяқтар белсенді әрекетке көшеді.
Полиция азаматтарға билеттерді тек ресми кассалардан және лицензиясы бар таратушылардан сатып алуды ұсынады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде алдын ала төлемді талап ететін күмәнді ұсыныстарға сақ болу қажет.
"Қала тұрғындары мен қонақтарына алдағы матчқа қызығушылық артуына байланысты алаяқтық тізбектердің қаупі де еселейтінін ескертеміз. Еш жағдайда билетті қолдан немесе тексерілмеген интернет-платформалардан сатып алмаңыз. Күмән туған жағдайда ресми дистрибьютор кассасына жүгініңіз. Бұл – өзіңізді және қаражатыңызды қорғаудың жалғыз жолы", – деді Алматы қалалық ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Анес Қалдыбаев.
Ол полицияның мақсаты киберқылмыстарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу екенін ерекше атап өтті.
"Сол себепті біз әлеуметтік бейнероликтер мен БАҚ арқылы белсенді түрде профилактикалық жұмыс жүргізіп жатырмыз", – деп түйіндеді Анес Қалдыбаев.
Полиция күмәнді хабарландырулар мен алаяқтық деректері анықталған жағдайда бірден "102" нөміріне хабарлау қажет екенін еске салды.