Астанада қай мекемелердің жұмыс кестесі өзгереді

Өзгерістер мемлекеттік және жартылай мемлекеттік құрылымдарға қатысты болады
Sputnik
АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Астанада бірнеше ұйым 15 қыркүйектен бастап жаңа жұмыс кестесі бойынша жұмыс істейді. Бұл шешім жолдарда кептелісті азайту мақсатында қабылданып отыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Өзгерістер қала орталығында орналасқан мемлекеттік және жартылай мемлекеттік құрылымдарға қатысты болады.
Осыған сәйкес, 15 қыркүйектен бастап қалалық коммуналдық қызметтердің жұмыс күні таңғы 7:30-да, Астана әкімдігінің жұмысы 7:30-да, кейбір мемлекеттік органдар мен жартылай мемлекеттік компаниялар – 7:30-8:00 аралығында бастайды. Жұмыс уақытының аяқталу сағаты да сәйкесінше өзгертіледі.
"Жеке сектор, бизнес, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, емханалар, ХҚО және басқа әлеуметтік нысандардың жұмыс кестесі өзгермейді", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетері, кейбір министрліктер мен мемлекеттік органдардың жұмыс күні бұрыннан 8:00-де басталады.
Бұл шаралар негізгі магистральдардағы таңғы және кешкі сағаттардағы көлік ағынын азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар тұрақ ережесін бұзып, жол қозғалысын қиындататын автокөліктер қатаң бақылауға алынады: құқықбұзушылардың автокөліктері айып тұрағына эвакуацияланады.
Астанада 28 мың оқушыға арналған жаңа мектептер ашылды