АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігі Арқалықта кен орнындағы заңсыз өндіру жұмыстары бойынша қылмысты анықтады.
Осы орайда агенттік А.Нургазинді қолдауға бағытталған әлеуметтік желілердегі ақпаратты заңсыз әрекетті ақтау деп бағалайтынын қоса хабарлады.
Агенттіктің Қостанай облысы бойынша департаменті "ОГНЕУПОРСНАБ" ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемде техногендік минералдық түзілімдерді жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Бір жыл бойы компания Арқалық кен орнынан 7 мың тоннадан астам отқа төзімді саз балшықты заңсыз өндіріп, сатқан.
"Айта кету керек, техногендік минералдық түзілімдерді өз бетінше өндіру мен жымқыру – бұл тек азаматтық-құқықтық дау емес, бұл — Қазақстан халқының меншігі болып табылатын табиғи ресурстарды ұрлауға, сондай-ақ мемлекеттің экономикалық және экологиялық мүдделеріне зиян келтіруге әкелетін қылмыстық әрекет", - дейді агенттіктегілер.
ЖШС директорынан адвокаттың қатысуымен жауап алынды, оның құқықтары толық сақталған, қандай да бір мәжбүрлеу шаралары қолданылған жоқ, деп хабарлады ҚМА.
Тергеу жалғасып жатыр.