АСТАНА, 2 қыркүйек – Sputnik. Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Бірақ осы жолы жиналыс бес минутқа да созылған жоқ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Отырысты ашқан мәжіліс спикері Ерлан Қошанов президенттің Қытайда ресми сапармен жүргенін еске салды.
"Осыған байланысты маған парламент мәжілісінің төрағасы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша VIII сайланған парламентінің төртінші сессиясын ашық деп жариялауға рұқсат етілді", - деді Қошанов.
Қазақстанның Әнұраны орындалғаннан кейін спикер: "Құрметті депутаттар, бүгіннен бастап парламенттің төртінші сессиясы өз жұмысын бастайды. 8 қыркүйекте парламенттің бірлескен отырысы өтеді. Онда президентіміз жылдағы дәстүр бойынша халыққа жолдауын жариялап, алдымызға жаңа міндеттер қояды. Осымен парламент палаталарының бірлескен отырысы жабық деп жарияланады", - деп қайырды.
Осылайша, төрт минутқа созылған отырыс аяқталды.