Банк қызметкерлерінен құралған қылмыстық топ 5 жыл бойы адам ұрлап, оларға несие алдыртқан

Қылмыстық топтың құрамында банк қызметкерлерінен бөлек қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің орталық аппаратының қызметкері де болған
Sputnik
АСТАНА, 2 қыркүйек – Sputnik. Ақмола облысының прокурорлары әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды ұрлап, олардың атына ірі банктік несиелер рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына еліміздің түрлі өңірінен 25 адам кірген.
"Олардың арасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің орталық аппаратының қызметкері, сондай-ақ бірқатар банктердің ("Kaspi Bank", "ForteBank", "Еуразиялық Банк", "Jusan bank") қызметкерлері болған. Олардың қатысуымен 5 жылдан астам уақыт бойы алаяқтық әрекеттер жасалған", - деп жазылған хабарламада.
Республика бойынша жалпы 348 азамат осы қылмыстардың құрбаны болған. Келтірілген шығын көлемі 3,7 млрд теңгені құрады.
Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүліктер анықталды: Алматы қаласындағы пәтерлер мен жер телімдері, қымбат автокөліктер, ірі көлемдегі қолма-қол ақша. Тәркіленген мүліктің жалпы құны – 2,7 млрд теңге.
Ведомство хабарлағандай, топтың барлық қатысушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда қылмыстық іс процесс қатысушыларына танысуға берілді, түпкілікті шешімді сот шығарады.
Шығын - 740 млн теңге: Ақтөбе облысында көліктерді заңсыз тіркеген қылмыстық топ ұсталды