Келесі жылы Абай облысында су қоймасының құрылысы басталады

Жаңа су қоймасы мен магистральді каналдар аудандағы ирригациялық жүйелердің толыққанды әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етеді
Sputnik
АСТАНА, 30 тамыз – Sputnik. Абай облысының Ақсуат ауданындағы Қарғыба өзенінде жаңа су қоймасы салынады, деп хабарлады су ресурстары және ирригация министрлігі.
Құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта нысанның жобалау-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.
Жобаны уақытылы әрі сапалы іске асыру үшін "Қазсушар" РМК-ның жергілікті филиалы мамандары, Ақсуат ауданы әкімдігінің қызметкерлері және мердігер ұйым өкілдерінен құралған комиссия құрылыс жүргізілетін аумақты тексерді.
"Тексеру барысында тараптар жобаны жан-жақты талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды. Аудан әкімдігімен бірлесіп ішкі каналдар да қаралды. Жергілікті атқарушы органдар олардың реконструкциясына қатысты жобалау-сметалық құжатты әзірлеумен айналысады", – деді Абай облысындағы "Қазсушар" РМК филиалының директоры Жарқынбек Байсабыров.
Ведомство хабарлағандай, жаңа су қоймасы мен магистральді каналдар аудандағы ирригациялық жүйелердің толыққанды әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етеді.
Қорғаста құны 7 млрд теңге болатын сауда павильонының құрылысы қайта жанданды