АСТАНА, 27 тамыз – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла Қазақстан-Иордания бизнес-форумына қатысты, деп хабарлады Ақорда.
Форумда сөз сөйлеген президент Корольге Қазақстан мен Иордания арасындағы серіктестікті дамытуға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқанына алғыс айтып, бұл ресми сапар аясында өтіп жатқан бұл форум екі елдің арасындағы келешегі зор серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өңірдегі экономикасы ең ірі ел болып қала береді.
"Экономикамыз биылғы жеті айда 6,3 пайызға ұлғайып, сенімді түрде өсіп келеді. Оған өнеркәсіп, сауда және көлік салаларындағы жоғары көрсеткіштер мүмкіндік берді. Біз ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізу арқылы осы қарқынды сақтап қалуға ниеттіміз. Сондықтан серіктестігіміз көптеген сектордың өркендеуіне септігін тигізетініне сенімдіміз", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазір Қазақстан арқылы өтетінін он екі халықаралық көлік дәлізіне, елімізде атом энергетикасы маңызды әрі тұрақты қуат көзі ретінде қарастырылып жатқанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Иорданияның агробизнес саласындағы әлеуеті мол екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла Қазақстан-Иордания бизнес-форумына қатысты
"Еліміз Иорданияны жоғары сапалы, органикалық, халал және экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Біз Aljazeera Agricultural иорданиялық компаниясының елімізде құс фабрикасын салу жөніндегі бастамасын құптаймыз. Бұл жоба екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастықты нығайтуға жасалған нақты қадам болады", – деді Тоқаев.
Президент медицина саласындағы ықпалдастықтың маңызын атап, QazBioPharm компаниясының DADvet иордан компаниясымен бірге Таяу Шығыс елдері мен Қазақстанға өзара вакцина экспорттауға бағытталған жоспарын қолдайтынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев иорданиялық кәсіпкерлерді "Астана" халықаралық қаржы орталығымен серіктестіктің тың мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды. Мемлекет басшысы АХҚО Нью-Йорк, Лондон, Дубай және Сингапурдың озық тәжірибесіне негізделген инвестиция мен инновация тартудың бірегей орталығына айналғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла Қазақстан-Иордания бизнес-форумына қатысты
"Біздің Орталық салықтық, визалық және еңбек саясатындағы жеңілдіктер арқылы инвестиция тартуға қажетті барлық жағдайды жасайды. АХҚО әр инвесторға жекелей қолдау көрсетіп, британ құқығына негізделген сот жүйесін, сондай-ақ ислам қаржы өнімдерінің кең спектрін ұсынады. Бүгінде Орталықта әлемнің 85 елінен 4200-ден астам компания тіркелген. Иордания компанияларын да АХҚО-ның белсенді қатысушысы болуға шақырамыз", – деді президент.
Иордания Королі ІІ Абдалла бизнес-форум жұмысына қатысушыларға ризашылығын жеткізді.
Ол бүгінгі пікір алмасулар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретінін айтты.
"Орайлы сәтті пайдалана отырып, қазақстандық серіктестерімізді Иорданияға шақырамын. Сол арқылы біздің ұсыныстарымызбен таныса аласыздар. Өз кезегінде иорданиялық компаниялар қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан нарығына инвестиция салуға ниетті. Осы форумда айтылған бастамалардың нақты жобаларға айналып, ұзақ мерзімді серіктестікке ұласуына бірлесе атсалысайық", – деді Король ІІ Абдалла.