Енді елдегі әуежайлар тасымалдауға болмайтын заттарды сақтамайды

Бұл бал, джем, сүт және үй жағдайында дайындалған басқа да өнімдерге қатысты
Sputnik
АСТАНА, 27 тамыз – Sputnik. Қазақстан әуежайларында тасымалдауға тыйым салынған заттарды сақтау тәжірибесі тоқтатылады, деп хабарлайды көлік министрлігі.
Өйткені әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік жүйесі халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сәйкестендіріледі. Мақсат - жолаушыларға қызмет көрсету процесін оңтайландыру, дейді министрліктегілер.
"Азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттардың толық тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады. Сонымен қатар толық ақпарат әуе компаниялары мен әуежайлардың ресми сайттарында, сондай-ақ тіркеу және тексеру пункттерінде бар", - дейді ведомстводағылар.
Мысалы, қол жүгімен сыйымдылығы 100 миллилитрден асатын сұйықтықтар, аэрозольдер, гельдер және өзге де қауіпті заттарды да тасымалдауға тыйым салынған.
"Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес зауыттық қаптамасы жоқ өнімдерді тасымалдауға рұқсат етілмейді. Атап айтқанда, бұл бал, джем, сүт және үй жағдайында дайындалған басқа да өнімдерге қатысты. Мұндай заттар тексеру кезінде тәркіленеді", - дейді көлік министрлігіндегілер.
Тәркіленген немесе авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін заттарды жолаушылар шығарып салушы азаматтарға қалдыра алады.
Вьетнамдық компания Қазақстанда әуежай сатып алады