Пойызда билетсіз жүрген 6 жолаушы анықталды

Жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Sputnik
АСТАНА, 26 тамыз – Sputnik. ҚТЖ-ның рейдтік комиссиясы жолаушылар пойыздарында 140 ереже бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Компанияның мәліметінше тексеру топтары жолаушылар пойыздарында күн сайын рейдтік тексерулер жүргізіп жатыр. Мақсат – жолаушыларды, багажды және жүк-багажды теміржол көлігімен тасымалдау қағидалары мен тасымалдаушының ішкі регламенттерін бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу.
"Жаз маусымы басталғалы комиссия шамамен 140 ереже бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде билетсіз жол жүрудің 6 дерегі және рәсімделмеген 135 килограмм багаж тасымалдау фактілері бар", - деп жазылған хабарламада.
Билетсіз жол жүру жағдайлары "Алматы — Жезқазған", "Қызылорда — Семей", "Өскемен — Алматы", "Астана — Жезқазған", "Ақтоғай — Аягөз" және "Астана — Көкшетау" бағыттардағы пойыздарда анықталды.
Тексеріс қорытындысы бойынша жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Рейдтер жүйелі түрде барлық бағытта жалғаса береді.
Ұлытау облысында теміржолда төтенше жағдай болды: жолаушылар жарақат алды