АСТАНА, 26 тамыз – Sputnik. Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үш жылдық болжамға сәйкес, 2026 жылы экспорт көлемі 77,1 млрд АҚШ доллар болса, 2028 жылы 83,7 млрд долларға дейін өседі. Ал импорт үш жылда 75,2 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды.
"Инфляция болжамы 2026 жылы шамамен 10,0% аспайды, 2027 және 2028 жылдары 6,0% деңгейінде болады", - дейді вице-премьер Серік Жұманғарин.
Айта кетері, бұған дейін үкімет мүшелері қосылған құн салығы көтерілгеннен кейін инфляция да өсетінін айтқан. Ал жаңа Салық кодексі бойынша қосылған құн салығының жаңа мөлшерлемесі келесі жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.