АСТАНА, 25 тамыз – Sputnik. Вьетнамдық VietJet әуе компаниясының Нячанг қаласына ұшып бара жатқан ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай Астанаға оралды.
Flightradar қызметінің хабарлауынша әуе кемесі Қарағандыға дейін ұшып, қаланы бірнеше рет айналып, ұшу портына қайта оралған.
Кейінірек Астана әуежайының баспасөз қызметі бұл ақпаратқа түсініктеме берді.
"Әуе кемесін әуежайға қайтару туралы шешімді экипаж командирі авиациялық ережелерге сәйкес және жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылдады. Әуежай рейсті қабылдау үшін барлық қажетті жағдайды жасады: ұшақ қалыпты режимде қонды, әуе кемесіне қызмет көрсетуге қажетті барлық қызмет жұмылдырылды", - деп хабарлады әуежай.
Ұшақтың әуежайға қайту себебі туралы қосымша ақпарат алу үшін жолаушылар әуе компаниясына хабарласа алады, деп атап өтті әуежайдың баспасөз қызметі.