Тоқаев: Жапония – Азиядағы сенімді әрі жақын серіктесіміз

Президент Жапония премьер-министрі Шигеру Ишиба Қазақстанға ресми сапармен келуіне республика дайындалып жатқанын айтты
Sputnik
АСТАНА, 25 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Жапонияның сыртқы істер министрін қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен министр Такеши Ивая сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-транзит және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-жапон кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын талқылады. Сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты.
Президент Жапония сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, оның Астанаға сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты арттыруға тың серпін беретінін айтты.
"Жапония – Азиядағы сенімді әрі жақын серіктесіміз. Біз Токиомен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береміз. Премьер-министр Ишибаға ыстық ықыласымды жеткізуді сұраймын. Премьер-министр Шигеру Ишиба Қазақстанға ресми сапармен келмекші. Біз оның сапарын асыға күтіп, дайындалудамыз. Өзара қарым-қатынасымыз жоғары қарқынмен дамып келе жатыр деп сеніммен айтуға болады", – деді президент.
Такеши Ивая қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан президентіне ризашылығын білдірді.
"Сіздің сәлеміңізді премьер-министрімізге міндетті түрде жеткіземіз. Қазақстан мен Жапония – халықаралық тәртіпті күшейтуге мүдделі стратегиялық серіктестер. Менің бұл сапарым екі ел арасындағы байланысты одан әрі дамытуға жол ашады деп ойлаймын", – деді Жапония сыртқы істер министрі.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Такеши Ивая халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде әңгімелесті.
Тоқаев: Қазақ пен қырғыз – бауырлас елдер