Қожа Ахмет Ясауи еңбектері малай тіліне аударылуы мүмкін

Малайзия өкілдері бұл ислам мұрасын зерттеу аясында жүзеге асырылатынын айтты
Sputnik
АСТАНА, 23 тамыз – Sputnik. Ұлттық кітапханада Малайзияның Селангор штаты делегациясымен кәсіби және мәдени ынтымақтастыққа арналған ресми кездесу өтті, деп хабарлады мәдениет және ақпарат министрлігі.
Министрліктің архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али мемлекет тарапынан кітапхана саласына жүйелі қолдау көрсетілетінін, сондай-ақ, министрлікке қарасты кітапханаларды модернизациялау мен олардың дамуына баса мән берілетінінн айтты.
Селангор штатының бас министрі Амирудин бин Шари Қазақстанмен мәдени байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
"Ол ислам мұрасын зерттеу аясында Әбу Насыр әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи еңбектерін малай тіліне аударуға ықылас танытты. Сонымен бірге балалар кітапханаларының әлеуетін арттыруға ерекше назар аударып отырғанын айтты", - деп жазылған хабарламада.
Жиында Селангор Қоғамдық кітапханасы корпорациясы мен Қазақстанның Ұлттық кітапханасы өзара серіктестікті дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды.
Кездесу барысында тараптар цифрландыру, тәжірибе алмасу және жаңа сервистер енгізу мәселелерін талқылады.
Ұлттық кітапханада Абай Құнанбаевтың қолжазбалары мен сирек кездесетін кітаптары қойылды