АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда.
Қазақстан президенті бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бұл сапар екі ел арасындағы достық қатынастың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
"Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз – тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қырғызстан президентінің екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосқанына назар аударып, Қырғызстанда көптеген оң өзгеріс болып жатқанын айтты.
"Біз бауырлас елдің барлық жетістіктеріне қуанамыз. Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты барынша нығайтуға айрықша мән береміз", – деді Тоқаев.
Өз кезегінде Садыр Жапаров шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қазақстан президентіне ризашылығын жеткізді
"Қазақ елі – біз үшін ерекше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқтоғұл мен Абайдай, Шыңғыс пен Мұхтардай аталарымыз салған ізбенен жалғасқан. Тарихи мұрамызды ұмытпай, келешек буынға жеткізуді негізгі мақсатымыз деп есептеймін. Өз тарапымнан өзара қарым-қатынасымызды одан әрі ілгерілетуге дайынмын. Біздің негізгі күшіміз – екі елдің ынтымағы мен бірлігі", – деді Қырғызстан президенті.
Бұдан бөлек, келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзит, су, аграрлық және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарды өрістетуге ерекше мән берілді. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібі қарастырылды.