АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik. Қытайдың солтүстік-батысындағы Цинхай провинциясында салынып жатқан көпірдің болатарқаны үзіліп, 12 адам қаза тапты, тағы төрт адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Жұма күні түнде темір жолдың Цинхай учаскесінде салынып жатқан көпірдің болатарқаны (трос) үзіліп кетті. Салдарынан болат арқалықтың 108 метрлік негізгі қаңқасы опырылып түскен. Апат кезінде оқиға орнында 16 жұмысшы болған.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.
Құтқару жұмыстарына барлығы 806 адам, 91 техника, 27 қайық, 1 тікұшақ және 5 робот жұмылдырылды. Алты жергілікті аурухана медициналық көмек көрсету үшін жасыл дәліз ашты.
Қытай Халық Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдай туралы хабарлама алғаннан кейін құтқару жұмыстарын жүргізу үшін оқиға орнына жұмыс тобын жіберді.