АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik. Алматыдағы "Алатау" дәстүрлі өнер театры алғаш рет күрделі жөндеу жүргізіледі, деп хабарлады қалалық әкімдік.
Ғимарат ашылғалы бері мұндай ауқымды жаңарту қолға алынған емес. Жөндеу жұмыстары қасбетті, кинозалды, еден жабыны мен орындықтарды, сондай-ақ ғимарат айналасын қамтиды.
"Қозғалуы қиын азаматтарға қолайлы жағдай жасауға назар аударылып отыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстар көрерменге де, шығармашылық ұжымға да барынша жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Маңыздысы – театрдың заманауи әрі қолайлы болуы", - дейді әкімдіктегілер.
Нысанды Алматы мәслихатының депутаттары барып көрді. Депутаттар "Алатау" театрының 10 жылдық мерейтойын жаңарған, заманауи келбетімен қарсы алуы қажеттігін ерекше айтты.
Күрделі жөндеуді осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.