АСТАНА, 21 тамыз – Sputnik. 2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша өсімдік майын өндіру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға артып, 420,5 мың тоннадан 521,2 мың тоннаға жетті, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Оның ішінде күнбағыс майының өндірісі 457,7 мың тоннаны құрап, өткен жыл деңгейінен 24,5%-ға жоғары болды (367,8 мың тонна).
"Жалпы, 2024 жылы елде 753 мың тонна өсімдік майы өндірілді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда (672,1 мың тонна) 12%-ға артық. Күнбағыс майының өндірісі 18,3%-ға өсті", - деп жазылған хабарламада.
Бүгінде елімізде жылына 4,7 млн тонна майлы дақыл тұқымын өңдеуге қауқарлы 88 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, өндірістік қуаттардың орташа жүктемесі шамамен 35%-ды құрайды.
Экспорттық көрсеткіштер де оң динамиканы көрсетуде. 2024 жылы өсімдік майлары экспорты 29%-ға артты. Негізгі экспорт бағыттары:
Қытай Халық Республикасы – жалпы көлемнің 42,4%-ы,
Өзбекстан – 35,4%,
Тәжікстан – 12,7%,
Ауғанстан – 3,2%,
Қырғызстан – 1,4%,
Латвия және Түрікменстан – 1,8%.
Өндірістің өсуіне майлы дақылдар егіс алаңдарының ұлғаюы себеп болды. 2025 жылы олардың көлемі 36%-ға (+1,055 млн га) артты. Ең көп өсім мына дақылдар бойынша байқалды:
күнбағыс – +481 мың га (ел тарихындағы рекордтық егіс алқабы),
зығыр – +376 мың га,
рапс – +173 мың га.