АСТАНА, 21 тамыз – Sputnik. Алматылық "Қайрат" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойында шотландиялық "Селтикпен" тең түсті.
Глазгода өткен кездесу 0:0 есебімен аяқталды. Бірінші таймда алматылықтар гол соғып та үлгерді, бірақ Александр Мартынович соққан гол офсайдқа байланысты есептелмей қалды. Айта кету керек, бірінші таймның соңында екі команда да допты нысанаға дәл жеткізе мады. Бұл ретте "Қайрат" қақпаға қарай бес, ал "Селтик" екі соққы жасады.
Шотландиялықтар екінші таймда белсендірек болып, бірнеше қауіпті шабуыл жасады. Екінші таймда алматылық қақпашы жарақат алып қалды. 75-минутта Александр Заруцкий ойынды жалғастыра алмай, орнына Темірлан Анарбеков шықты.
Екінші таймның соңына таман оңтүстіккореялық Ян Хён Чжунмен соқтығысқанда Анарбековтың өзі басын жарақаттап алды. Темірланға таңғыш тағылды.
Төреші матчтың негізгі уақытына он минут қосып, оның барысында алматылық шабуылшы Дастан Сәтбаев сары қағаз алды. Бұл оның Еуропа науқанындағы үшінші сары қағазы. Осылайша, ол шотландтармен қарымта кездесуге қатыса алмайды.
Алматыдағы қарымта матч 26 тамызда өтеді.Бұл текетірес сәтті болған жағдайда алматылықтар Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетеді. Сәтсіз болған жағдайда "Қайрат" күзгі еурокубокты Еуропа лигасының негізгі кезеңінде жалғастырады.