АСТАНА, 18 тамыз – Sputnik. Оралда денесін күйік шалған 8 жастағы жеткіншек қайтыс болды, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратта қайғылы оқиға 10 тамыз сағат сағат 16.30-да шамасында Қонаев шағын ауданында болған.
Тұрғындардың бірі үй ауласында автомобилін жөндеп жатып, жанар-жағармай құйылған канистрді қалдырып кеткен. Ал аулада жүрген балалар канистрге сіріңке жағып, ойнаған. Салдарынан өрт шығып, от бір баланың киіміне тиген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, күйік шалған бала жансақтау бөліміне түсіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Алайда денесінің 95 проценті күйген жеткіншек 17 тамызда қайтыс болды.
Қылмыс құрамы болмағандықтан, полицияда іс тіркелмеген. Ал тұрғындар әлеуметтік желіде қайғылы оқиғаны көрген куәгерлерді іздестіріп жатыр.