АСТАНА, 17 тамыз – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы әріптесін АҚШ президенті Дональд Трамппен Анкориджде өткен кездесу қорытындысымен құттықтады.
"Президенттің пікірінше, келіссөздер Ресейдің Украина жөніндегі ұстанымын америкалық тараптың жақсы түсінуіне септігін тигізді. Бұл күрделі мәселенің шешімін іздеуде ортақ тіл табысуға көмектеседі", - деп жазылған хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев Аляскадағы саммитті Ресейдің халықаралық позициясын және әлемдік аренадағы өзара түсіністікті нығайту тұрғысынан айтулы кездесу болды деп санайды. Мемлекет басшысы сапардың сәтті ұйымдастырылғанын атап өтті. Қазіргідей күрделі жағдайда мұның саяси мәні зор.
Владимир Путин өз тарапынан әріптесіне Аляскада өткен келіссөздің кейбір нақты аспектілері туралы мәлімет берді.
Әңгімелесу соңында Тоқаев Путинге энергетика саласындағы конструктивті ынтымақтастық үшін ризашылық білдірді.
Еске салайық, сенбіге қараған түні Путин мен Трамп Анкоридж қаласындағы Эльмендорф-Ричардсон әскери базасында кездесті. Кездесу екі сағат 45 минутқа созылды.