АСТАНА, 16 тамыз – Sputnik. Қазақстан құрамаларының спортшыларына ай сайынғы төлем мөлшері жаңартылды, деп хабарлады туризм және спорт министрлігі.
"Дене шынықтыру және спорт туралы" заң қабылданғаннан кейін спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаға кіретін спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына ай сайынғы ақша қаражаты төлемдерінің мөлшерін бекіту туралы бұйрық күшіне енді.

Министрлік республика бойынша бірыңғай тәртіп енгізіп отыр. Ай сайынғы төлем мөлшері 5-тен 250 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі аралықта белгіленген.
"Жаңа жүйе инфляцияны ескере отырып, төлем сомасын жыл сайын қайта қарауды қажет етпей, қаржыландыру көлемін автоматты түрде түзетуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұған дейін бұл төлемдер әр өңірде әртүрлі болған", - делінген хабарламада.
Жаңа жүйе бойынша төлемдер халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына, спорттық мансабын жалғастыру шартымен, келесі жарысқа дейін жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады.
Аталған бұйрық өңірлердің әкімдіктерімен, сондай-ақ қаржы министрлігімен келісілген.
Жаңа тәсіл жоғары деңгейдегі спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын қолдауда ашықтықты, тұрақтылықты және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.