Жоғалған тікұшақта болған үшінші адамның мәйіті табылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 12 тамыз – Sputnik. Алматы облысында жоғалған тікұшақта болған үшінші адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.
12 тамызда су астындағы іздеу жұмыстары барысында экипаждың үшінші мүшесі Аман Амангелдінің денесі табылды.
"Ол - тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшып жаттыққан. Түрлі ауқымдағы жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы ұшу уақыты – 295 сағат", - деп жазды ведомство.
Еске сала кетейік, 10 тамызда экипаж командирі майор Нұржігіт Үйсінбаевтың денесі табылған болатын. Ал 11 тамыз күні іздеу топтары капитан Бақтияр Ержігітовтің денесін судан шығарды.
Қаза тапқан ұшқыштардың үшеуі де әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі.
Алматы облысында із-түзсіз жоғалған әскери тікұшақтың қаза тапқан экипажы
"Акваторияны және оған іргелес аумақты зерттеу бойынша іздестіру шаралары жалғаса бермек. Осыған сәйкес тікұшақ бөліктерін анықтау және жағаға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді министрлік.
Апаттың себептерін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер басшылығы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына барлық қажетті көмекті көрсетеді.
Айта кетейік, 25 шілдеде Алматы облысында әскери тікұшақ жоғалып кетті. Үш экипаж мүшесі болған тікұшақты іздеу жұмыстары күні бүгінге дейін жалғасты.
Тікұшақ апаты: Сорбұлақ көлінен екінші адамның мәйіті шығарылды