АЛМАТЫ, 11 тамыз - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесті.
Іс-шараға 24 лауреат, атап айтқанда, 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері шақырылды. Оқушылар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен.
Президент жастарды, ең алдымен, білім әлеміндегі жеңістерімен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді.
"Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығу, әлемдік жарыста жеңіске жету оңай емес. Білімге деген ұмтылыстың, нағыз еңбекқорлық пен табанды іс-әрекеттің арқасында осындай биікке шығып жатсыздар. Расында, дарынға ие болу, бұл – бақыт. Бірақ жай ғана еңбексіз дарын жетістіктің кепілі бола алмайды. Дарынның көзін ашу керек және оны толығымен пайдалана білу қажет", – деді мемлекет басшысы.
Президент шәкірт қабілетін ұштаған ұлағатты ұстаздар мемлекеттік марапатқа лайық екенін жеткізіп, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтты.
"Жастарымыз жаһандық спорт және өнер додаларында жеңімпаз атанып, туымызды көкте желбіретіп жүр. Білім саласындағы беделіміз де артып келе жатыр. Былтырдан бері оқушыларымыз 30-дан астам халықаралық олимпиада мен ғылыми жарысқа қатысып, мыңға жуық медаль алды. Оның 200-ге жуығы – алтын, 300-ден астамы – күміс, ал 500-ге жуығы – қола медаль. Бұл тамаша көрсеткіш Қазақстандағы білім сапасының деңгейі жоғары екенін көрсетеді", - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады
© Photo : Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев "Келешек мектептері" туралы да айтты. жастарға барынша жағдай жасау мемлекеттің басты міндетінің бірі екеніне тоқталды. Сондай-ақ ғылым жолына түскен жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл ретте "Болашақ" халықаралық стипендиясы тиімді рөл атқаруда. Жоба аясында мыңдаған жас азамат әлемнің озық университеттері мен зерттеу орталықтарында білім алды, деді ол.
"Алдымызда тұрған міндет – "Болашақ" стипендиясына нағыз қабілетті, дарынды балаларды іріктеу. Кездейсоқ адамдарды қосуға болмайды. Сондықтан келесі жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарын "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға жіберу туралы шешім қабылданды. Осылайша, біз дарынды әрі талапты жастарға жан-жақты қолдау көрсете береміз", – деді мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, халықаралық беделді олимпиадалардағы жастардың жетістіктері ұлтымыздың зияткерлік қуаты мен өскелең ұрпақтың зор әлеуетін танытады.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады
© Photo : Ақорда
Мемлекет басшысы халықаралық жарыстарда топ жарып, алтын, күміс және қола медаль иеленген жастарға 1500 (5 898 000 теңге), 1000 (3 932 000 теңге) және 500 (1 966 000 теңге) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.