Логистикалық қызмет көрсетеміз деп көлік ұрлағандар ұсталды

Келтірілген шығынның жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асқан
Sputnik
АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik. Ақтөбе облысында қымбат көліктерді ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полицияға Ақтөбе қаласының тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, белгісіз біреулер Қостанайдан Ақтөбеге автокөліктерді жеткізу бойынша логистикалық қызмет көрсетеміз деп, үш жаңа премиум санаттағы автокөлікті ұрлап кетен. Шығынның жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асты.

"Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде төрт күдікті ұсталды. Олардың барлығы - Ақтөбе облысының тұрғындары. Екеуі бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған", - дейді полицейлер.

Тінту барысында айғақ заттар тәркіленіп, ұрланған автокөліктер заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары атқарылып жатыр.
Солтүстік Қазақстанда жұмыс берушінің 50 бас малын ұрлағандар ұсталды