АСТАНА, 7 тамыз – Sputnik. Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев жоғалған әскери тікұшақты іздестіруге қатысты соңғы ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алматы облысында жоғалған әскери тікұшақ Сорбұлақ көліне құлады деген болжам бар. Себебі көлдің бетінде жанар-жағармай дақтары ғана емес, тікұшақ қалдықтары да табылған болатын.
"Қазіргі кезде Сорбұлақ көлінің 50 проценті тексерілді. Іздестіру жұмыстары қорғаныс министрлігінің басқаруымен атқарылып жатыр. Біз өз күш-құралдарымызды бердік. Теңізде қолданылатын металл іздегіш құралы да бар. Сонымен қарап жатырмыз", - деді Тұрсынбаев үкіметтегі брифингте.
Оның айтуынша, судың тереңдігі 5-25 метрді құрайды. Бірақ батпақ жерлер аз емес.
"Бір метр тереңдікте де дұрыс көрінбейді, өйткені лай. Сол жағынан қиын. Сондықтан әрбір метрді асықпай тексеріп жатырмыз", - деді Тұрсынбаев.
Ал көлік прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.
Айта кетері, тікұшақ 25 шілде күні радардан жоғалған. Бортта экипаждың үш мүшесі болған.