АСТАНА, 4 тамыз – Sputnik. Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты есту қабілеті нашар қызды зорлады деп айыпталған 28 жастағы жігітті 8 жылға соттады, деп хабарлайды Otyrar.kz сайты.
Қылмысқа бірнеше адамның қатысы бар, бірақ әр сотталушының ісі бөлек қаралып жатыр. Басты айыпталушы 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі түзеу мекемесінде өтейді. Сонымен қатар сот жәбірленушінің 3 млн теңге көлеміндегі азаматтық талап арызын қанағаттандырды.
"Сот сотталушының шын жүректен өкінуін қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай деп таныды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сотталушы кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 3 миллион теңге моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қанағаттандырылды", - деп хабарлайды Шымкент сотының баспасөз қызметі.
Ер адам қыздың денсаулығындағы кінәратын пайдаланып, оны қорқытып, жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Жәбірленуші қатаң жаза қолдануды сұрады. Сот отырысы жабық өтті.
Жәбірленушінің адвокаты Гүлайхан Тұрсыманованың айтуынша, айыпталушылардың бірі әлі тергеліп жатыр, ал екіншісіне қатысты қылмысты жасырғаны үшін арыз дайындалып жатыр.
"Біздің тарапымыздан апелляциялық шағым болмайды. Жәбірленуші тарап үкіммен келіседі", - деді адвокат.
Үкім әлі заңды күшіне енбеген.