АСТАНА, 4 тамыз – Sputnik. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы бойынша жалпы су алу көлемі 3,03 млрд текше метрге жетті, деп хабарлады су ресурстары және ирригация министрлігі.
Жалпы жоспарланған көрсеткіш - 3,35 млрд текше метр болса, қалған 9,5% су суару маусымы аяқталғанға дейін алынады.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта облыста су бес магистральдық және үш шаруашылықаралық канал арқылы кезекпен беріліп жатыр. Бүгінде өңірдегі егістіктердің 98%-ы кезекпен суарылып жатыр.
Аймақта егістік алқаптарына су беруді жақсарту мақсатында ирригациялық каналдарға жылжымалы сорғы қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізілді. Су арналарына барлығы 324 агрегат орнатылды.
"Қызылорда облысындағы "Қазсушар" филиалы жергілікті диқандармен су беру бойынша 1 015 келісімшарт жасасты. Қазір өңірде министрліктің жұмыс тобы суармалы судың әділ бөлінуіне мониторинг пен тұрақты бақылау жүргізіп жатыр", – деді бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Қазақстанның оңтүстігінде вегетация кезеңі биыл 20 күнге ерте басталғанын еске сала кетейік. Бұған жоғары температура мен жауын-шашынның болмауы себеп болды.