АСТАНА, 3 тамыз – Sputnik. Семейде Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар аясында "Абай QUIZ" республикалық зияткерлік ойыны ұйымдастырылды.
Абай облысында 180 команда қатысқан "Абай QUIZ" республикалық зияткерлік ойыны өтті
© Photo : Абай облысының әкімдігі
Мақсаты – жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып, Абай мұрасын заманауи форматта насихаттау.
Білім додасына еліміздің 10 өңірінен 1 080 адам қатысты. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл және Абай облыстарынан 180 команда өзара бақ сынады.
"Зияткерлік сайыс 7 кезеңнен тұрды. Әр кезеңде Абай мұрасы мен әр түрлі салаларға байланысты тақырыптар қамтылды. Ойын барысында қатысушылар ой ұшқырлығы мен білім деңгейін сарапқа салды", - деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сайыстың жалпы жүлде қоры 4,7 миллион теңге. Жарыс қорытындысы бойынша:
1-орынды "Brainstorm" (Астана);
2-орынды "Алматы Микс" (Алматы);
3-орынды "Тұрақсыз тіркестер" (Семей) командасы иеленді.
Жеңімпаз командаға 1 миллион теңге берілді. Сонымен қатар, үздік өнер көрсеткен командаларға түрлі номинациялар бойынша марапаттар табысталды.