АСТАНА, 2 тамыз – Sputnik. Тараз қаласының тұрғыны жалған құжаттар ресімдеу арқылы мемлекеттен заңсыз пәтер алған, деп хабарлады бас прокуратура.
Бұл факті тұрғын үй қатынастары бөлімінде тұрғын үй заңнамасының сақталуына жүргізілген тексеру нәтижесінде анықталған.
Әйел жалған анықтама ұсыну арқылы өзін мемлекеттік қызметші ретінде көрсеткен. Нәтижесінде ол Тараз қаласындағы "Ұлы Дала" шағын ауданынан мемлекеттік тұрғын үй қорынан заңсыз екі бөлмелі пәтер алған.
Сот-сараптамалық зерттеуінің қорытындысына сәйкес ұсынылған анықтаманың жалған екені белгілі болды.
Прокуратураның нұсқауымен, аталған алаяқтық фактісі бойынша полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Қазіргі уақытта аталған жылжымайтын мүлікті мемлекет қорына қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол кейіннен тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға беріледі.