Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді

Осы айдан бастап Қазақстанда 45 спорт түрі бойынша жарыстарға қатысудың ең төменгі жас мөлшері енгізіліп отыр
Sputnik
АСТАНА, 1 тамыз – Sputnik. Биыл дәстүр бойынша мыңдаған балаға қаржылай көмек беріледі. Ал 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан зардап шеккендер жоғары оқу орнына тегін түсе алады. Бұдан бөлек, біраз жерде электр энергиясы қымбаттап, газ баллондарын тіркеу міндеті енгізіледі. Республика бойынша ұлттық санақ басталады. Sputnik Қазақстан жаздың соңғы айында болатын негізгі өзгерістерді ұсынады.

Мыңдаған балаға көмек беріледі

1 тамызда республика бойынша жаңа оқу жылына дайындық шаралары басталады. Соның аясында жалпыға бірдей білім беру қорынан әлеуметтік осал топтағы мыңдаған оқушыға қаржылай көмек беріледі. Мәселен, былтыр 500 мыңнан астам баланың ата-анасына 22,2 млрд теңге аударылды. Сол кезде әрбір балаға 45 мың теңгеден шыққан. Бір реттік қаражат балаларды мектепке дайындау мақсатында киім кешек, кеңсе тауарларын сатып алу үшін берілді.
Сондай-ақ, аз қамтылған және көп балалы отбасылар қатарындағы оқушыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезеңінде көмек көрсету мақсатында дәстүрлі "Мектепке жол" республикалық акциясы басталады.

Қаңтар оқиғасынан зардап шеккендер тегін білім алады

Биыл 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ата-анасынан айырылған және жарақат алған балалар жоғары оқу орнына тегін түсе алады. Арнайы гранттарды "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры беріп отыр. Оған басқа санаттағы талапкерлер де құжат тапсырып көрсе болады. Олар:
ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар;
жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
мүгедектігі бар азаматтар;
мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар;
2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары;
2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жарақат алған балалар.
Айта кетейік, бағдарламаға қатысудың шекті жасы толық 29 жасты құрайды. Барлық ақпарат қордың сайтында жарияланған.

ҰБТ тапсыруға болады

10–14 тамыз аралығында ұлттық бірыңғай тестілеуді қайта тапсыру кезеңі өтеді. Бірақ тіркелу app.testcenter.kz сайтында 5 тамызға дейін жалғасады. Осылайша, бұған дейін шекті балл жинай алмаған талапкерлерге тағы бір мүмкіндік беріліп отыр. Бірақ олар жоғарғы оқу орнына тек ақылы негізде түсе алады.
"Ал жоғарғы оқу орнына ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Қабылдауды оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады", - дейді мамандар.

9 өңірде электр энергиясы қымбаттайды

Энергетика министрінің жаңа бұйрығына сәйкес, бүгіннен бастап бірнеше өңірде энергия сататын компаниялардың тарифі өзгереді. Олар:
Алматыда - кВт/сағ үшін 15,27 теңгеден 16,09 теңгеге дейін ("Кристалл Менеджмент" АҚ);
Ақтөбе облысында - кВт/сағ үшін 17,54-тен 18,19 теңгеге дейін (ЖЭО);
Атырау облысында– кВт/сағ үшін 10,67 теңгеден 13,06 теңгеге дейін ("Karabatan Utility Solutions" ЖШС);
Жамбыл облысында - кВт/сағ үшін 22,58 теңгеден 23,25 теңгеге дейін (Т.И. Батуров атындағы ГРЭС);
Батыс Қазақстан облысында - 13,25 теңгеден 13,95 теңгеге дейін ("Жайықжылуэнерго" АҚ) және 15,89 теңгеден 17,63 теңгеге дейін. ("Батыс Пауэр" ЖШС);
Қызылорда облысында - 12,10 теңгеден 13,13 теңгеге дейін. ("Қызылордажылуэлектрорталығы")
Маңғыстау облысында - 22,16 теңгеден 23,26 теңгеге дейін (МАЭК-Қазатомөнеркәсіп) және 26,92 теңгеден 28,68 теңгеге дейін ("OzenMunaiProm" ЖШС);
Рудный қаласында - 18,82 теңгеден 18,94 теңгеге дейін ("ССГПО" АҚ);
Шымкент қаласында – 16,77 теңгеден 18,46 теңгеге дейін ("З-Энергоорталық" кәсіпорны).

Газ баллондарын тіркеу керек

1 тамыздан бастап Қазақстанда газ баллондарын тіркеу міндеті енгізіледі. Министрдің бұйрығына сәйкес, егер газ құю пунктінде есепке алу жүйесі болмаса, олар уәкілетті органның ақпараттық жүйесін пайдалануы тиіс. Ал сұйытылған газды сату кезінде енгізілетін газ құйылған мен баллон сатылған күнді, сондай-ақ, сатып алушының ЖСН және тұрғылықты мекенжайын көрету керек.
Бір мекенжайда тіркелген бір немесе бірнеше адамға бір айда 50 кг-нан артық сұйытылған газ сатылса, мұндай баллондар есепке алынбайды.

Қолма-қол ақшаға үй сатылмайды

1 тамыздан бастап үлестік құрылыс бойынша заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Оған сәйкес, жаңа үйді сатып алғанда тек банк арқылы есеп айырысуға рұқсат бар. Қолма-қол төлем заңсыз саналады.
Ал үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны және жарнаманы таратқаны үшін әкімшілік айыппұл 2000 айлықтық есептік көрсеткішке, яғни, 7,9 млн теңгеге дейін көтерілді.

Санақ басталады

1 тамызда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады. Алдымен 1-31 тамыз күнделі онлайн сауалнама жүргізіледі. Ал 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында интервьюерлер үйлерді аралайды. Санақ 2 млн үй шаруашылығын және 300 мың ауыл кәсіпкерін қамтиды деген жоспар бар.
Ауыл шаруашылығы санағына 3,7 млрд теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, санақ кезінде жұмыссыз жүрген 300 қазақстандыққа уақытша жұмыс ұсынылады.

ChatGPT-дің бағасы көтеріледі

ChatGPT әзірлеушісі OpenAI 1 тамыздан бастап Қазақстандағы пайдаланушылар үшін жазылым бағасына қосылған құн салығын енгізеді. Салықтың мөлшері - 12 пайыз. Осылайша, жеке тұлғалар үшін ай сайынғы жазылу бағасы 20 доллардан 22 доллар 40 центке дейін өседі.
Ал Қазақстанда қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелген заңды тұлғалар салық төлеуден босатылуы мүмкін. Ол үшін аккаунттың салық деректері бөлімінде 1 тамызға дейін БСН-ді енгізу керек.

Спортта жасқа шектеу енгізілді

Осы айдан бастап Қазақстанда 45 спорт түрі бойынша жарыстарға қатысудың ең төменгі жас мөлшері енгізіліп отыр. Мәселен, баскетбол - 8 жас, бокс - 13 жас, велосипед спорты - 13 жас, еркін күрес - 10 жас, ат спорты - 12 жас, жеңіл атлетика - 9 жас, жүзу - 7 жас, футбол - 8 жас, ал шайбалы хоккеймен 8 жастан айналысуға рұқсат беріледі.

Тамызда неше күн демаламыз?

Биыл Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толады. 30 тамыз – ресми мереке. Бұл күн сенбіге түсіп тұр. Сондықтан 1 қыркүйекте қосымша демалыс беріледі.
Осылайша, 5 күндік жұмыс аптасы үшін 30, 31 тамыз және 1 қыркүйек – демалыс болса,
6 күн жұмыс істейтіндер үшін 30-31 тамыз – демалыс, ал 1 қыркүйекте жұмыс күні болады.