АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Үшінші АЭС құрылысы бойынша ықтимал вендорлармен, оның ішінде "China National Nuclear Corporation" компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, деп мәлімдеді Атом энергиясы жөніндегі агенттік.
Бұған дейін ресейлік "Росатом" Қазақстандағы бірінші атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы болып танылған болатын. Қытай ұлттық ядролық корпорациясының ұсынысы екінші орында, ал Électricité de France және Korea Hydro & Nuclear Power үшінші орында тұр.
"Сонымен қатар, Қазақстанда салынатын екінші АЭС жобасы бойынша басым серіктес ретінде Қытайдың "China National Nuclear Corporation" компаниясы қарастырылып отыр. Қазіргі уақытта осы бағытта мемлекеттік органдар мен компаниялар деңгейінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Үшінші АЭС құрылысы бойынша да ықтимал вендорлармен, оның ішінде "China National Nuclear Corporation" компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр", - делінген агенттіктің ресми хабарламасында.
Екінші және үшінші АЭС бойынша жоғары қуатты реакторлармен қатар шағын және орта қуатты реакторлар да қарастырылып жатыр.
Агенттік бірінші АЭС Алматы облысында салынатынын да еске салды. Ал қалған екеуі орналасатын жер әлі анықталған жоқ.
Айта кетері, бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстандағы үшінші атом электр станциясын қытайлық компания салатынын мәлімдеген еді.