АСТАНА, 30 шілде – Sputnik. Шымкент қаласында Түркияның Гази университетінің филиалы ашылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Филиал Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің базасында құрылады. Бұл келісім Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына ресми сапары аясында жасалды.
"Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Осыған қолдау көрсеткені үшін Түркия Президенті мен Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Ұзақ жылдан бері Түркістан төрінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан Түркияның озық білім ошақтарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылады", – деді Тоқаев сапар барысында.
Айта кетері, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ 1937 жылы құрылған. Университетте педагогикалық кадрлар даярланады. Ал Гази университеті 1926 жылы ашылған. Онда білім беру, ғылым, медицина және өзге де бағыттар бойынша білім беріледі.