АСТАНА, 30 шілде – Sputnik. Павлодарда ағзасын сатуға шығарған шетел азаматын ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шілде айының ортасында жедел қызметкерлерге көрші мемлекет азаматының бүйрегін сатып жатқаны туралы жедел ақпарат түсті. Осы мақсатта шетелдік әйел Павлодар қаласына барып, баға мен шарттарды талқылап, сатуға келісім берген.
"Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері күдіктіні келісілген ақшаның бір бөлігін алу кезінде ұстады. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Күдікті қамауға алынды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Спикер қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстанда заңсыз трансплантациялауға, сондай-ақ адам ағзаларының, мүшелерінің, тіндерінің және тіндерінің бөліктерін сату, сатып алуға тыйым салынғанын және ол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
Полиция азаматтарды осындай фактілерге куә болған жағдайда "102" арнасына немесе "police 102" мобильді қосымша арқылы хабарлауға шақырады. Анонимділікке кепілдік беріледі.