АСТАНА, 30 шілде – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі онлайн-кредиттерді беру тәртібіне енгізілген өзгерісті түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Биыл маусымның соңында президент тиісті заңға қол қойды. Оған сәйкес, тұтынушылық кепілсіз онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде "шешім қабылдау кезеңі" енгізіледі.
"Бұл – шартқа қол қойылған сәт пен кредитті нақты беру арасындағы мерзім. Енді кредит осы мерзім өткеннен кейін және қарыз алушының оны беруге келісімін алғаннан кейін ғана берілуі мүмкін. Ал "шешім қабылдау кезеңі" қолданылатын кредиттің ең төмен мөлшері, сондай-ақ, қарыз алушының кредит алуға келісім беру тәртібі қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын болады", - делінген ресми хабарламада.
Ал кепілсіз тұтынушылық кредитті алғаш рет алатындар банк бөлімшесіне немесе микроқаржы ұйымына міндетті түрде өздері баруы қажет. Ондай кредиттердің ең төменгі мөлшерін де агенттік айқындайды.
Сондай-ақ, 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтардың жекелеген санаттарына олардың келісімі алынғаннан кейін ғана кепілсіз тұтынушылық кредиттер беріледі.
"Кредитті онлайн алуға жүгінген кезде келісім "электрондық үкімет" порталы, кредиттік бюро не кредитордың "электрондық үкімет" шлюзінде орналастырылған сервистермен ықпалдастырылған қосымшасы арқылы ресімделеді", - дейді мамандар.
Айта кетері, жаңа талаптар ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң күшіне енеді. Ал "шешім қабылдау кезеңі" 90 күн өткеннен кейін қолданылады.