"Ар-намысына тиген": айыппұл арқалаған ер адам Конституциялық соттан араша сұрады

Сот арызданушыға шағымда адамның намысына тиетін сөздерді жазуға болмайтынын еске салды
Sputnik
АСТАНА, 30 шілде – Sputnik. Конституциялық сот арыз-шағымда адамның ар-намысына тиетін сөздерді жазуға тыйым салатын ереженің Ата заңға сәйкестігін тексеруден бас тартты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан соттың ресми сайтына сілтеме жасап.
Облыстардың бірінде ер адам білім басқармасына "E-otinish" жүйесі арқылы шағым түсірген. Онда лауазымды тұлғаны қызметінен босатуды сұрап, шындыққа сәйкес келмейтін және аталған тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді көрсеткен. Кейіннен сот өтініш берушінің бұл әрекетін әкімшілік құқық бұзушылық ретінде саралап, жауапкершілікке тартқан.
Ал апелляциялық және кассациялық сатыларда сот шешіміне қатысты шағымы қанағаттандырылған жоқ. Осыдан кейін айыппұл арқалаған ер адам Конституциялық сотқа өтініш жазып, арыз-шағымда адамның ар-намысына тиетін сөздерді жазуға салынған тыйымның Ата заңымызға сәйкестігін тексеріп шығуды сұраған.
Оның пікірінше мемлекеттік органдарға ұжымдық және жеке өтініш жолдау құқығын кепілдік ететін Конституцияның 33-бабына сәйкес ашық пікір білдіру жауапкершілікке әкеп соқпауға тиіс.
Конституциялық сот өтінішті қараудан бас тартып, нақты себебін түсіндірді.
"Адам өзінің Конституциялық құқығын басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбай пайдалану керек. Мемлекеттік органға жүгіну адамды шындыққа сәйкес келмейтін және ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершіліктен босатпайды", - делінген сот жауабында.
"Халық мал болып кеткен": ауыл әкімі тағы да тұрғындардың ашуына тиді