АСТАНА, 29 шілде – Sputnik. Үкімет алдағы төрт жылда 3,3 млн адамды жұмысқа орналастыруға мүдделі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметовтың айтуынша, жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Соның ішінде 38 проценті немесе 95,4 мың адам – жастар. Халықты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берген жобалар:
ұлттық жобалар, тұжырымдамалар және даму жоспарларымен – 4,6 мың адам;
бос жұмыс орындарына – 66,6 мың адам;
жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен – 116 мың адам;
"10 000 халыққа 100 жұмыс орны" бастамасы шеңберінде 62,9 мың адам.
"Біздің алдымызда 2029 жылға дейін 3,3 миллион азаматты жұмысқа орналастыру міндеті тұр", - деді Биахметов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ал жұмыс орындары еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында құрылып жатыр. Оған сәйкес, 2030 жылға дейін 3,8 млн сапалы жұмыс орны ашылады.