АСТАНА, 29 шілде - Sputnik. Әзербайжанда өткен International Economics Olympiad додасында Қазақстан үздіктер қатарына енді, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.
20–29 шілде аралығында Әзербайжанның Баку қаласында экономика, қаржы және кәсіпкерлікке қызығушылық танытатын оқушыларға арналған әлемдегі беделді International Economics Olympiad (IEO) зияткерлік сайысы өтті.
"Биыл олимпиадаға 55 елден 280-ге жуық қатысушы жиналды. Қазақстан құрамасы үздік нәтижемен әлемнің ең мықты командаларының қатарына енді және бизнес-кейс бойынша командалық кезеңде АҚШ, Жапония, Ұлыбританиядан келген қатарластарын басып озды", - дейді ведомстводағылар.
Қазақстандық оқушылар байрақты бәсекеде 1 алтын, 2 күміс және бір қола жеңіп алды.
Халықаралық экономика олимпиадасының (IEO) мақсаты — мектеп оқушыларының экономикалық және қаржылық сауаттылығын, кәсіпкерлік дағдыларын дамыту, сондай-ақ заманауи жаһандық экономиканың талаптарына сәйкес кәсіби бағдар беру.
Қазақстан бұл беделді халықаралық жарысқа 2018 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 2 алтын, 5 күміс және 17 қола медаль жеңіп алды.