АЛМАТЫ, 28 шілде – Sputnik. Астанадағы дәмханада жұмысшы күйіп қалды. Оқиға қалай, қашан болғанын Sputnik Қазақстан тілшісі айтады.
Дәмханада абайсызда майға күйіп қалған жұмысшының бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Талайдың денесін тітіркендірген бұл оқиға Астанадағы Shaurma Food дәмханасында болған.
Бейнежазбада ыдыстағы ыстық майды жұмысшы әріптесінің үстіне құйып алады. Оқиға мамыр айының соңында болған.
"Бұл оқиға мамыр айының соңында болған. Күйіп қалған жәбірленуші көпсалалы балалар ауруханасына жатқызылды. Барлық қажетті стационарлық емдеуді алғаннан кейін науқас 2 маусымда ауруханадан шығарылды", - дейді Астана денсаулық сақтау басқармасы.
Майға күйген дәмхана жұмысшысы кәмелетке толмаған.