АСТАНА, 26 шілде - Sputnik. Бүгін Қосшы қаласында жүздеген адамның жылдар бойы күткен қуанышты сәті туды. "Сиреневый сад" тұрғын үй кешенінің үлескерлері пәтер кілттерін алды. 2013 жылы құрылысына қаржы салған 110 отбасы он бір жылдан кейін өз баспанасына ие болды, деп хабарлайды Ақмола облысының әкімдігі.
Көп жылдан бері қаңырап бос тұрған бұл тұрғын үй кешеніне жаңа "Ынтымақ" атауы берілді.
"Кешен құрылысын қайта жандандыру үшін облыс әкімдігі "КГС Сауда" ЖШС-мен келіссөздер жүргізіп, нақты уағдаластыққа қол жеткізді. Құрылыс былтыр жылдың соңында қайта басталып, небәрі бірнеше айдың ішінде толық аяқталды", - делінген әкімдік хабарламасында.
Бүгін кілттер "Жайлау Сити" тұрғын үй кооперативінің төрайымы Гүлнар Мермұқановаға табысталды.
"2014 жылы сенімсіз құрылыс компаниясына қаржы салдық. Сол күннен бастап қиын кезеңдерді бастан өткердік. Бүгінгі күн жай ғана қуаныш емес, қауіпсіздік пен тыныштыққа қол жеткізгеніміздің белгісі. Бұл – көзіміздегі бақыттың жасы", – деді Гүлнар Мермұқанова.
Қоныс иелері сезімдерін жасырған жоқ. Көпшілігі үмітін үзген еді, алайда бүгін олар жаңа баспаналарының табалдырығын аттады.
"Осы он бір жылда барлық есікті қақтық, талай жерге жүгіндік. Көпшілігіміз пәтер аламыз деген үміттен айырылған едік. Енді, міне, облыс басшылығының қолдауының арқасында армандаған үйімізге қол жеткіздік. Баршаға құтты болсын дейміз", – деді Гүлзахра Егембердиева.
"Ынтымақ" кешенінің аяқталуы өңірдегі ұзаққа созылған құрылыстар мәселесін шешудегі маңызды қадам болды. Алдағы кезеңде "Diamond Park" тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары жақын арада басталады.