АЛМАТЫ, 26 шілде - Sputnik. Атырау облысында "LOTUS FEST – 2025" халықаралық фестивалі басталды, деп хабарлайды өңір әкімдігі.
Биыл іс-шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің негізгі мақсаты – өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды насихаттау және туризмді дамыту.
"Айта кетерлігі, Қазақстанда лотос табиғи жағдайда тек Қиғаш өзенінің сағасында – Құрманғазы ауданы аумағында ғана өседі. Сондықтан бұл фестиваль ел ауқымындағы ерекше әрі бірегей оқиға болып саналады", - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.
Гүлдеген лотостың сұлулығын көруге 3000-нан астам турист барған. Олардың қатарында еліміздің батыс өңірлерінен және көршілес Ресейден келген меймандар бар.
Фестиваль аясында Астрахань облысынан барған Құрманғазы атындағы Өңірлік мәдениет орталығы қонақтарға мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ жергілікті әртістердің қатысуымен театрландырылған көріністер қойылып, танымал би топтарының өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.