АСТАНА, 25 шілде-Sputnik. Қостанай облысы Әйет ауылының тұрғынының үйінен қару, ауласынан марихуана табылды.
Облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Б. Майлин ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 59 жастағы тұрғыны ұсталды.
Қостанай облысының тұрғыны үйінде қару, ауласында марихуана жасырып келген
© Photo : Қостанай облысы полиция департаменті
Оның үйінен қолдан жасалған атыс қаруы, ал ауласынан марихуана өсімдіктері табылды.
"Үйді тінту кезінде полицейлер қолдан жасалған қаруды тауып, тәркіледі. Сараптама оның ойық ұңғылы атыс қаруы екенін және атуға жарамды екенін анықтады. Бұдан басқа, ер адамның үй іргесіндегі учаскесінде алты түп марихуана өсіп тұрған. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 11,5 килограммнан асты", - дейді облыстық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғалды.
Полиция қару мен есірткіні заңсыз сақтау — ауыр қылмыс, ол үшін қатаң жауапкершілік көзделгенін ескертеді.